7 сәуірде академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің педагогика факультетінде «XXI ғасыр педагогикасындағы Абай мұралары» атты педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламалары бойынша оқитын білім алушыларға арналған республикалық педагогикалық олимпиада өтті.
Олимпиада Абайдың педагогикалық мұралары туралы теориялық және практикалық тұрғыда білімі бар дарынды студент жастарды анықтау, студенттердің рухани-адамгершілік білім беру саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызығушылықтарын арттыруды мақсат тұтты.
Олимпиаданың ашылу салтанатында академик Е.А. Бөкетов университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Н.О. Дулатбеков олимпиадаға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Олимпиадаға қатысушылар Абай мұрасын білім беру саласында қолдануға қатысты ғылыми жоба қорғады, Абай шығармаларын театрландырылған қойылым ретінде сахналады, «Абайдың педагогикалық мұраларын оқу үдерісінде пайдалану» бойынша сабақ үзінділерін көрсетті.
Олимпиада нәтижесі бойынша:
1 орынды - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Қара шаңырақ» командасы;
2 орынды - Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Асыл мұра» командасы
Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің «Каспий жақұты» командасы,
3 орынды - Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің «Бес асыл» командасы,
Алматы гуманитарлы-экономикалық университетінің «Қазына» командасы,
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Атырау» командалары иеленді.
Қазақтың бас ақыны, хакім Абай Құнанбайұлының шығармаларын өскелең ұрпақ арасында насихаттауда үздік шыққан, білім мен өнер қатар бағаланған сайыста топ жарған командаларды құттықтаймыз!!!
Тәрбиелік мәнге толы Олимпиада ұйымдастырған педагогика факультеті ұжымына алғыс айтамыз.