2024 жылғы 10-12 қыркүйекте Алматы қаласында ЮНЕСКО қолдауымен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығы ұйымдастырған «Качество образования и сближение культур: теория и практика развития обществ знаний» («Білім сапасы және мәдениеттердің жақындасуы: білім қоғамдарын дамыту теориясы мен практикасы») Еуразия елдерінің педагогтеріне арналған III Халықаралық Жазғы мектеп өтті. Оның жұмысына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Франция және Германия университеттерінің оқытушылары қатысты. Мектеп жұмысы ЮНЕСКО аясындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының директоры Сүлейменов Олжас Омарұлының құттықтау сөзімен ашылды.
Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінен А.Н.Қалижанова және Т.Ю Шелестова (шет тілдер факультеті), М.В.Беделбаева (САИ археология және этнография мұражайының меңгерушісі) қатысты. Олардың «Цифровой сторителлинг как трансдисциплинарная универсалия преобразующего образования: от истины к пользе», «Образовательные возможности платформы izi. travel для популяризации и сохранения культурного наследия Казахстана» атты баяндамалары, шеберлік сыныбы мен М.В.Беделбаева, А.Н.Қалижанова, В.А.Новоженовтың «Межкультурная коммуникация через призму историко-археологического наследия Сарыарки» оқу құралының (авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізіліміне ақпарат енгізу туралы 2024 ж. 22 тамыздағы № 49194 куәлік) тұсаукесері іс-шараға қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.
Үшінші күннің көшпелі отырысы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығында өтті. 1970 жылы «Алтын адам» табылған Есік қорғанының жәдігерлерін ұсынған мұражай экспозициясы, қазіргі таңда қазақстандық және қытайлық археологтар зерттеп жатқан басқа да археологиялық нысандарға экскурсия Қазақстанның тарихи-археологиялық мұрасын зерделеп, сақтап қалудың маңыздылығын көрсетті.
Сындарлы пікір алмасу, жаңа байланыстар мен әріптестік орнату Еуразия елдерінің жоғары оқу орындарында білім беру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Осыған орай, жазғы мектептің қорытындысы бойынша университетіміздің оқытушылары дайындаған оқу құралын басып шығаруға және оқу үдерісінде пайдалануға ұсынатын коммюнике қабылданды.
Барлық спикерлерге ОО. Сүлейменов қол қойған сертификаттар мен алғыс хаттар табысталды, сондай-ақ олар кездесуден ұмытылмас әсер алып, ғылыми-әдістемелік және оқу қызметіне жаңа көзқараспен қарау мүмкіндігіне ие болды.