15 қыркүйек күні академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының Төрағасы Азимова Эльвира Әбілқасымқызы және Конституциялық соттың барлық соттар құрамының қатысуымен дәріс өтті.
Кездесуге заң, саясаттану, тарих факультеттерінің профессорлық-оқытушы құрамы, студенттері қатысты. Іс-шараны университеттің Басқарма Төрағасы — Ректоры Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков ашып, әр жылдарда университет қабырғасынан шыққан мықты заңгерлердің өкілдері Қазақстаннның Конституциялық Кеңесінің жұмысына сүбелі үлес қосқанын, бүгінгі таңда сол үрдіс жалғасын тауып Конституциялық Кеңеспен Меморандум аясында бірлескен жұмыс жалғасып жатқанын атап айтты. Аймағымыздағы жоғары білімнің қара шаңырағы атанған университеттің жетістіктеріне тоқталып, дамуымен таныстырып өтті.
Кездесуде Конституциялық соттың рөлі, бүгінгі таңдағы басымдықтары мен мақсаттары жайында айтылды. «Біздің саясатымыздың негізгісі идеологиясы адамды құрметтеу. Адам құқықтарын құрметтей отырып, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету» деп атап айтты ҚР Конституциялық соттың төрағасы Азимова Эльвира Әбілқасымқызы. Қоғамның сұрауын, мемлекеттің сол сұрауға сәйкестігін бақылайтын тек қана Конституциялық сот емес, әрбір қазақстандық азамат екенін айта келе азаматтық сана сезім, құқықтық мәдениетті арттыру, кәсіби ортада этика қалыптастыру мәселесіне тоқталды.
Конституциялық соттың судьялары Жатқанбаева Айжан Ержанқызы, Подопригора Роман Анатольевич жалпы соттардың қызметі жайында, мемлекеттік органдарда құқық қолдану тәжірибесін ұстану, адам құқығы, құқықтық сауаттылықты арттыру т.б. маңызды мәселелер туралы сөз қозғады.
Бүгінгі таңда Конституциялық соттың аппаратында жастардың үлесінің артуы да маңызды екенін айтып, заң саласындағы жас ғалымдарды бірге жұмыс істеуге шақырамыз деді А. Жатқанбаева.
Кездесу тағлымды, ақпаратты әрі маңызды диалог алаңына айналды.