Биыл 2022 жылдың 6-шы маусымынан 15-ші маусым аралығында Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Психология кафедрасының бір топ оқытушылар құрамы (Жансерикова Д.А., Молдабаева Р.А., Нұрғалиева С.М., Садыканова Р.Е., Жеңіс Ә.Қ.) Психология ғылымының докторы, профессор Әмірова Б.Ә. жетекшілігімен Ташкент қаласындағы Мирзо Улугбек атындағы Ұлттық Өзбекстан университетінде іс-сапарда болды.
Сапар мақсаты - 1937-1938 жылдары Сталиннің қуғын-сүргін бұйрығымен «Халық жауы» атанып 20 жылға сотталған Сәлкен Балаубаевтың ғылыми еңбектерін жинақтау болды. Себебі, ғалым, психолог, аудармашы, педагог сол кездегі еліміздің зиялыларымен қатар қызмет жасаған. Ал, 1924-1929 жылдары Ташкент қаласында бұрынғы Орта Азия университетінің «Педагогика-психология» факультетін үздік бітіріп, осы жерде еңбек еткен. 1929-1932 жылдары Ташкент қаласындағы аталмыш университеттін қасында, «Психофизиология және еңбек психологиясы» институтында психологиялық зерттеу лабораториясын ашып, қызмет барысында көптеген еңбектер жазған. Бүгінгі таңда, Сәлкен Балаубаевтың еңбектері жоққа тән. Себебі, тұтқынға алынған кезінде бүкіл еңбектеріжойылып кеткен. Міне, осы себептермен ғалымның еңбектерін Ташкент білім қорларынан іздестірдік. Жұмыс барысында ғалымның диссертациялық зерттеулері мен ғылыми мақалалары табылды. Соған орай, біздің сапарымыз сәтті жүзеге асты деп ойлаймыз. Бұл сапарда біздерге көптеген Ташкент университеттерінің ғалымдары, психология ғылымының докторы, профессор Кадыров Б.Р., Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің ғылым проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Раймо Хакимова, Психология кафедрасының меңгерушісі, диссертациялық кеңестің төрағасы Мухамедова Д.Г. және әлеуметтік психология кафедрасының меңгерушісі Шамсиев У.Б. т.с.с. психолог әріптестер көп көмек көрсетті. Осы әріптестерімізге біздің зерттеу жұмысымызға шың ниетпен қызығушылық таныта отырып қолдауларын көрсеткен үшін көп рахмет айтамыз!