Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков Қазақстан тарапының тең төрағасы ретінде қазақ-мажар ғылыми дипломатия жөніндегі жұмыс тобының бірінші құрылтай отырысына қатысты деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Мажарстанның ғылыми институттары арасындағы тарих, археология, антропология, сондай-ақ әскери-мемориалдық қызмет саласындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.
Қазақстан университетінің ректоры ғылыми өзара іс-қимылды жандандыруға екі елдің жас ғалымдарын, докторанттары мен студенттерін тарту қажеттігін шегелеп айтты.
Мажар тарапынан тең төрағаның міндетін уақытша атқарушы, Мажарстанның Әскери-тарихи мұражайы директорының орынбасары подполковник Роланд Маруж өз кезегінде әскери-мемориалдық жұмыс шеңберінде мажар тарапы «Карлагтың» (КСРО-ның ең ірі түзеу-еңбек лагерлерінің бірі) мұрағаттық құжаттарын зерделеуге, сондай-ақ Мажарстанның университеттерімен бірлесіп екі халықтың тарихи тамырларын зерттеуді бастауға мүдделі екенін атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар бірлескен іс-шаралар мен халықаралық ғылыми зерттеулер жүргізуге мүдделілігін растады, сондай-ақ 2023 жылға арналған ынтымақтастық жоспарын белгіледі.
Н. Дулатбековтың Мажарстанға жұмыс сапары аясында «Террор үйі» мұражайының бас директоры доктор Мария Шмидтпен келіссөздер жүргізіп, мұражай ісі саласындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ Қарағанды саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы мен Мажарстанның «Террор үйі» мұражайы арасындағы бірлескен жобаларды талқылады.
Мажарстанның ректорлық конференциясының Бас хатшысы доктор Золтан Дюбецимен кездесу барысында Қарағанды мемлекеттік университеті мен Мажарстаның жетекші университеттері арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою мәселелері талқыланды.
Деловой Қазақстан
https://dknews.kz/kz/alem-zhanalyktary/265483-kazakstan-men-mazharstan-ortak-tarihi-tubin-zertteuge