Қарағанды Бөкетов зерттеу университетінің қызметкерлері, студенттері мен оқытушылары үшін бүгінгі күн нағыз мерекеге айналды. Қазақстанның аспаптық музыка өнері тарихындағы тұңғыш әрі бірегей ансамблі — Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі университетіміздің сахнасында өнер көрсетті. 90 жылдық тарихы бар аты аңызға айналған шығармашыл ұжым ұлттық аспаптардың үнімен әсем әуендерді, әндерді төгілтті. Тыңдарманның көңілін баурап, ерекше әсер сыйлады.
Қара домбыра шертіліп, халық композиторларының әйгілі күйлері орындалды. Осы сәтте көрермен көз алдына кең даланы, сайраған құстарды, үйір-үйір жылқыны, бұрымды бойжеткендер мен алтыбақан ойнаған жастарды елестете алды. Оркестрдің репертуарында гармоникалық және полифониялық дыбыстардың заманауи интерпретациясымен байытылған шетелдік шығармалар да бар. Қазақстанның, бүкіл әлемнің музыкалық мәдениетіне сүйене отырып, орындалған шығармалар жаңа әуендік және жанрлық тұрғыдан қазақ музыка мәдениетін байытатынын көре аламыз.
Биыл Құрманғазы оркестрі айтулы оқиға — 90 жылдық мерейтойын атап өтуде. Ансамбльдің университет қабырғасында көрсеткен өнері мерекелік датаға арналған гастрольдік бағдарламаның жарқын бөлігіне айналды. Оркестр қазақ халық аспаптық музыкасына, фольклор саласындағы жоғары кәсіби ағартушылыққа көбірек көңіл бөледі. Ұлы оркестр ұжымы ұлттық өнер мен мәдениетті өркендету жолында орындаушылар құрамын да, репертуарды да толықтыру үшін мақсатты түрде еңбек етуде.