«Қарағанды қаласының 90 жылдығына арналған 90 кездесу» жобасы аясында М.О. Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханада «Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ қолдауымен 2024 жылдың 3 мамырында академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті, педагогика факультетінің бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі кафедрасының профессор-оқытушылар құрамымен «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының 40 жылдығына арналған кездесу өткізілді. Сондай-ақ, бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі кафедрасының білім алушылары мен түлектері шақырылды.
«Педагогика: бастауынан бүгінгі күнге дейін» іс-шарасы «Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ директоры Гүлжан Қабылқарымқызы Ахметқаримованың бастамасымен ұйымдастырылды.
Кітапхана қызметкерлері Шәкәрім мен Ахмет Байтұрсыновтың шығармаларынан үзінділер оқып, білім, әдебиет, қазақ тілінің дамуына елеулі үлес қосқан педагог - жазушыларға, ғалымдарға арналған «Педагогика - адам тәрбиесі туралы ғылым» атты кітап көрмесімен таныстырды.
Кездесуде болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін кәсіби қызметке даярлау; қазіргі мұғалімге қажетті құзыреттілік; мұғалімнің ұлттық құндылықтарды, адамгершілік қасиеттерді көркем әдебиет құралдарымен білім алушыларға сіңіруі туралы өзекті мәселелер талқыланды. Түлектер студенттік жылдар туралы естеліктерімен бөлісті. Кездесуге қатысушылар кәсіби және жеке қасиеттерін жүзеге асыруға көмек көрсеткен тәлімгерлері; өздерінің сүйікті кітаптары; мұғалімнің өміріндегі кітаптың рөлі туралы әңгімеледі. Талқылау барысында қатысушылар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан, Атырау қалаларында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші және үшінші отырыстарында айтылған сөздеріне назар аударды: «Ұлтымыздың алға жылжуының ең маңызды қадамдары – кітаптар. Сондықтан біз жоғары оқу мәдениетін қоғамға дәйекті түрде енгізуіміз керек... оқуға деген сүйіспеншілікті ояту. Тек осылай ғана біз оқырман ұлт боламыз».