Қарағанды Бөкетов университетінің коворкинг орталығында Қысқы мектептің қорытынды күні өтті. Бүгін жиналғандар алдында cтратегиялық даму және тәуекелдерді басқару департаментінің басшысы Тишмағанбетова Гүлжан Скендіровна сөз сөйледі. Оның баяндамасы «Реализации системы внутреннего обеспечения качества университета» («Университеттің ішкі сапаны қамтамасыз ету жүйесін іске асыру») тақырыбына арналды. Гүлжан Скендіровна сапаны қамтамасыз етудің ұлттық моделі, атап айтсақ, оның құрамдас деңгейлері туралы егжей-тегжейлі баяндап берді, сонымен қатар ББ сапасын бақылауға арналған әлеуметтік сауалнамалар жүргізу нұсқаулықтарына жеке тоқталды. Сөз алған университеттің стратегиялық даму жөніндегі проректоры Умуркулова Мадина Максимовна бүгінгі күні өзекті болып саналатын «Образование в условиях исследовательского университета: перспективы и сложности» («Зерттеу университетіндегі білім: болашағы мен қиындықтары») тақырыбын ұсынды. Мадина Максимовна оқу практикасында жиі кездесетін мәселелерге тоқталып, кафедра меңгерушілеріне шұғыл жауап беруді қажет ететін бірқатар өзекті сұрақтар қойды. Шараның қорытынды бөлімінде профессор-оқытушылар құрамына 50 сертификат табысталды. Тыңдаушылар Қысқы мектепте өткізілген сабақтар мен онда жиналған пайдасы мол тәжірибе үшін ризашылықтарын білдірді. Болашақта олар өз білімдерін әріптестерімен бөлісуге дайын.