Бүгін Қарағанды Бөкетов зерттеу университетінің тарих факультетінде т.ғ. к., археология, этнография және Отан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Виктор Васильевич Варфоломеевтің 70 жылдық мерейтойына арналған «Сарыарка в историческом пространстве Евразии» («Еуразияның тарихи кеңістігіндегі Сарыарқа») халықаралық ғылыми конференциясының салтанатты кеңесі мен пленарлық отырысы өтті.
Мерейтой иесінің өмірбаяны қызықты оқиғаларға толы. 1977 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітіргеннен кейін ол ҚазКСР ҒА Тарих, археология және этнография институтында «Сарыарка в конце бронзовой эпохи» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, Беғазы-Дәндібай мәдениетінің белдеулі керамика мәдениеттеріне жататынын дәлелдеген. Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ескерткіштерін кезеңдерге бөліп, негіздеген ғалым болып табылады. Сондай-ақ археологиялық экспедицияларға қатысып, Лисаковск, Темірқаш, Кент елді мекендері мен Қарағаш, Доңғал, Қыштан, Тасырбай, Еңбексүйгіш, Дермен т. б. қорымдарда зерттеу жүргізді. Археолог ғалымның назары Қарағанды облысының Қарқаралы және Бұқар жырау аудандарындағы археологиялық ескерткіштерге ауды. Қарқаралы ауданындағы негізгі зерттеу нысаны Кент елді мекені, сондай-ақ Кент археологиялық шағын ауданының синхронды қоныстары мен қорымдары болды. Материалдарды талдау негізінде Виктор Васильевич кейінгі қола дәуірінде экономиканың өркендеуі мен Беғазы-Дәндібай қоғамындағы әлеуметтік қатынастардың ілгерілеуі нәтижесінде Орталық Қазақстанда қалалар пайда болды деген болжам жасап, дәлелдеді, Беғазы-Дәндібай әлеуметтік элитасының Орталық Азия мен Батыс Сібір халқымен кең байланыста болғанын анықтады.
Іс-шараны тарих факультетінің деканы Д. А. Жұмабеков жүргізді. Салтанатты бөлімде сөз сөйлегендер: ғылыми жұмыс жөніндегі проректордың міндетін атқарушы А. К. Зейниденов, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог және шығыстанушы В. А. Новоженов, археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының аға оқытушысы Е. Ш. Амиров, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ғылым департаменті ғылыми жобалар басқармасының бас маманы, К. А. Ақышев атындағы археология ҒИ ғылыми қызметкері А. Т. Дукомбаев, Беларусь мемлекеттік авиация академиясының (Минск қ.) тәрбие ісі жөніндегі проректоры И. Г. Яцкевич, археолог, Сарыарқа археологиялық институтының ғылыми қызметкері Э. Р. Усманова, тарих ғылымдарының кандидаты, Сарыарқа археологиялық институтының археология және этнография мұражайының меңгерушісі М. В. Бедельбаева, тарих факультетінің кафедра меңгерушілері және т. б.
Қарағанды Бөкетов университеті басшылығының атынан ғылыми жұмыс жөніндегі проректордың м. а. А. К. Зейниденов мерейтой иесін құттықтап, оған көп жылғы адал еңбегі, жоғары білім беру жүйесіндегі жемісті қызметі және университеттің қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны үшін ректордың Құрмет грамотасын табыс етті.
«Сіз 50-ден астам далалық экспедицияға қатыстыңыз, соның арқасында 40-тан астам археология ескерткіші анықталып, олардың 10-нан астамы алғаш рет ашылды. Сондай-ақ, Сіз Қазақстан, Ресей, Моңғолия және басқа да елдердің ғылыми қоғамдастығында сұранысқа ие материалдардың үлкен дереккөз базасын құрдыңыз. Әрбір еңбегіңіз терең талдаумен және зерттеу мәселелеріне инновациялық әдіс-тәсілдерді қолданумен ерекшеленеді, бұл жаңа шешімдерді тауып, озық тәжірибелерді енгізуге мүмкіндік береді.
Осы орайда, тарих факультетінің дамуына қосқан баға жетпес үлесіңізді атап өткім келеді. Бұған көптеген марапат, соның ішінде ректор мен Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамоталары дәлел бола алады. Еңбектеріңіз ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді деп нық сеніммен айта аламын. Сіздің және өзіңіз ашқан жаңалықтардың арқасында ондаған мектеп оқушысы мен студенттер археологияны таңдады. Сізге шын жүректен зор денсаулық және ғылыми қызметіңізде тың табыстар тілеймін», – деді ол.
Шараға тарих факультетінің әр жылдардағы түлектері қатысты. Олардың айтуынша, білім ордасының қабырғасынан түлеп ұшқан шәкірттер Виктор Васильевичтің арқасында біліммен ғана емес, сонымен қатар кәсіпке деген шынайы сүйіспеншілікпен де қаруланған маманға айналады. Ол көзге бірден шалынатын нәрсені ғана байқап қоймай, сырт көзге көрінбейтін өткен дәуірлердің жасырынған жәдігерлеріне іздене үңілуге үйретеді.
«Студенттік шақ – ең керемет уақыт. Араға жылдар сала, сүйікті оқу орнымның қабырғасына қайтып оралып, ұстаздарыммен амандықта қауышқаным – мен үшін баға жетпес сыйлық. Бүгінде басқа елде тұрып, өмірім археологиямен байланысты болмаса да, білім нәрімен сусындатып, бойыма жақсы қасиеттерді дарытқан тәлімгер ұстаздарыма алғыс айтамын», – деп атап өтті тарих факультетінің 1989 жылғы түлегі, Беларусь мемлекеттік авиация академиясының тәрбие ісі жөніндегі проректоры И. Г. Яцкевич.
Салтанатты бөлім соңында отандық және шетелдік ғалымдар, зерттеушілер, археологтар «Сарыарка в историческом пространстве Евразии» халықаралық ғылыми конференциясының тақырыбы бойынша баяндама жасады.