Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов пен ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Құдайберген Бексұлтановпен бірінші кеңейтілген дәрісханада кездесу өтті. Іс-шараға білім ордамыздың Басқарма Төрағасы — ректор Нұрлан Дулатбеков, факультет декандары, профессорлық-оқытушылар құрамы, Қарағанды қаласындағы жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
Айта кетейік, депутаттар биология-география факультетінің аумағындағы заманауи жерасты термос-жылыжайы мен «BIO Humus» ғылыми-білім беру орталығына барып қайтты.
Ашық форматта өткен кездесуде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерге назар аударды. Атап айтқанда, оқу ордамыздың профессорлық-оқытушылар құрамының қойған сұрақтарына жауап бере отырып, жоғары білім мен ғылыми қызметті одан әрі дамыту тақырыптары жайында сөз қозғады.
Кездесу барысында депутаттар университет тарапынан бәсекеге қабілетті маман даярлау және ұстаз мәртебесін көтеру, білім сапасын арттыру сынды мәселеге тоқталып, ой бөлісті, сондай-ақ, қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы тілге тиек етті. ХХІ ғасырда құлағымыз ілген, көзіміз шалған ақпарат әсеріне ғана сүйенетін болғандықтан, ақпарат ағыны екшеусіз, өлшеусіз жүріп жатқан кезеңде сананың ашықтығын сақтау қаншалықты маңызды екенін айтып өтті. ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім және ғылым саласына көп көңіл бөледі, тиісінше, оны дамытуға жыл сайын қомақты қаражат бөлінеді. «Біріншіден, біз заң жобасында тек ғылыми атақ үшін ғана емес, сонымен қатар оқытушылар құрамына да қосымша ақы төлеуге бағытталған норманы енгізу туралы бастама көтердік. Жақын арада осы заң жобасын қабылдауды жоспарлап отырмыз. Екіншіден, бүгінгі күні Бөкетов университеті өзінің иммиджін қалыптастырып, еліміздің көшбасшы жоғары оқу орындарының бірі екенін дәлелдеп келеді. Жоғары оқу орны — ғылым әлеуетін арттыру бойынша кешенді жұмыстарды жүргізуде. Күні кеше термос-жылыжай және дендробақ ашылған екен. Ғылыми технопарк өз құрылысын жалғастыруда. Университет тарапынан жүзеге асырылып жатқан осындай дүниелерге аса назар аударып, басымдық беру керек», — деп атап өтті.
Кездесу соңында ректор Нұрлан Орынбасарұлы Асхат Қанатұлына, Құдайберген Бексұлтанұлына жақында ғана Бөкетов университетінің баспасынан жарық көрген жазушы Медеу Сәрсекенің «Біртуар Бөкетов» кітабын табыс етті.