Академик Е. Бөкетов университетінің қабырғасында «Бос орындар жәрмеңкесі» өтті.
Университет серіктесі Қарағанды қаласының Мансап орталығымен бірлесіп ұйымдастырылған бұл іс-шараға аймағымыздың 60 тан астам жұмыс беруші мекемелері және 2000 нан астам студенттер қатысты.
Қарағанды қаласының «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» ММ басшысы Ж. Искаков сөз сөйлеп, бүгінгі жәрмеңке жоғары курс студенттеріне болашақта өз мамандықтары бойынша жұмысқа тұру мүмкіндіктерін табатын үлкен коммуникация алаңы екенін атап өтті.
Бұл жәрмеңке университетте Студенттік өзін-өзі басқару күнімен тұспа тұс келуі де өте әсерлі болды. Себебі студенттер кәсіби мамандардың орнына бір күн жұмыс істеп, жауапкершілік, құзыреттілік қасиеттерімен қоса еңбекке де жақындай түсті. Жәрмеңкенің ашылу салтанатында Студенттік өзін-өзі басқару атынан математика факультетінің студенті, өзін-өзі басқару күнінде ректордың қызметіндегі студент Жақсылық Мерейлі сөз алды. «Бос орындар жәрмеңкесі студенттерге мансаптық өсу перспективасымен болашақ жұмыс орны туралы шешім қабылдауға көмектеседі. Бұл олардың жеке дамуы үшін маңызды», — деді ол.
Өз кезегінде «Teach for Kazakhstan» жобасының менеджері — Ақерке Сапуанова жоғары курс білім алушыларының әлеуетті жұмыс берушілермен тікелей өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігі бар коммуникативтік алаң үшін университетке алғысын білдірді.