Қарағанды облысының әкімдігі, Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы, «Jarqyn bolashaq» қоғамдық бірлестігі және Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті ұйымдастыруымен өткен іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, республикалық жастар ұйымдарының жетекшілері, облысымыздың барлық қала мен аудандарының белсенді жастарынан құралған делегациялар қатысты. Форум аясында мемлекеттік жастар саясаты саласының жылдық қорытындылары шығарылып, аталған бағыттағы бірқатар өзекті мәселелер бойынша алдағы жоспарлар пысықталды. Тақырыптық пікір алмасу алаңдарында жастар ой бөлісіп, танымдық дәрістер тыңдады. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында өз кәсібін дөңгелетіп отырған жастарға екі миллион теңге көлеміндегі ақшалай сертификат табысталды. Ең белсенді жастар алғыс хаттармен марапатталды. Олардың қатарында Қарағанды Бөкетов университеті философия және психология факультетінің магистранты Асылан Смағұлов та бар. Форумның жабылу салтанатында Бөкетов университетінің өнерпаз жастары өнер көрсетті. Арнайы шақыртуды қабыл алып, өңірімізге қонақ болып келген қазақстандық танымал әнші Дастан Оразбеков жанды дауыста бірнеше ән шырқады.