Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің педагогика факультетінде «Кітапхана және волонтерлер: «Көру қабілеті бұзылған адамдарды әлеуметтік-мәдени оңалтудағы жаңа тәсілдер» атты семинар-тренинг өтті. Шара Алғыс айту күніне орайластырылған.
Баяндамашылар: Ғалым Нұрланов, Қарағанды облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының меңгерушісі; Жанарай Санақбай, Қарағанды қаласы Жастар ресурстық орталығының инспекторы; Шахнұр Мусин, жаттықтырушы және «Зерек» би және спорт лигасы ҚБ жетекшісі, спорттық биден спорт шебері; профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер.
Бірнеше жылдан бері факультетте педагогика ғылымдарының магистрі, Бөкетов университетінің арнайы және инклюзивті білім беру кафедрасының аға оқытушысы Сәуле Ашинбаеваның жетекшілігімен волонтерлер клубы жұмыс істейді және ол өз қызметін белсенді жүргізіп келеді. Өздеріңіз білесіздер, қазақтарда волонтерліктің ұлттық мәні жоғары, бұл ежелден қалыптасқан. Бүгінгі таңда асар, садақа сияқты ұғымдарға арналған ғылыми еңбектер бар. Сондай-ақ, бұл үрдіс дәстүрлі түрде жалғасын тауып келеді.
Педагогика факультетінің студенттері игі дәстүр бойынша мұқтаж жандарға тегін көмек көрсетіп, түрлі білім беру ұйымдары мен жеке құрылымдарға барып, қайырымдылық шараларын өткізеді. Оқытушылардың пікірінше, мұндай акциялардың тәрбиелік мәні зор, өйткені осындай істердің арқасында әрбір адамның азаматтық ұстанымы, адамгершілік қасиеттері қалыптасып, болашақ педагогтардың халықтың ересек санатымен, сондай-ақ ерекше балалармен жұмыс істеу дайындығы шыңдалады.
«Бүгін біз мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесу үшін волонтерлік тақырыбын тағы да көтеру мақсатында Бөкетов университетінде болдық. Білім беру, мәдениет, спорт құрылымдарының өзара іс-қимылының болуы өте маңызды. Біз бұл университетпен және волонтерлік орталықпен ұзақ уақыт жұмыс істеп келеміз. Наурыздың 1-і аталып өтетін Алғыс айту күні қарсаңында университет басшылығына, педагогика факультетіне алғысымды білдіргім келеді. Мен университет ұжымының мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше көңіл бөлетініне қатты құрметпен қараймын», – дейді Қарағанды облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының тифлопедагог-реабилитолог маманы Владимир Высочинский.
Күні бойы қонақтар ғылыми кітапхананы, оқу кабинеттерін аралады, сондай-ақ ерекше физикалық қажеттіліктері бар балалармен голбол және бочча спорттық ойындарына қатысты.