ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

БӨКЕТОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ҒЫЛЫМДАҒЫ ЖАҢА ЕСІМ» ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫІШІЛІК ГРАНТЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Қарағанды Бөкетов университетінде «Идеядан жүзеге асыруға дейін» форумы өтті. Іс-шара барысында жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына арналған «Ғылымдағы жаңа есім» университетішілік гранттар конкурсының нәтижелері жарияланды. Басқарма Төрағасы -- ректор Нұрлан Дулатбеков университет Қазақстанның ғылымын дамытуға бағытталған академиялық қоғамдастықты алдағы уақытта да қолдайтынын атап өтті.

Кейінгі үш жыл көлемінде үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан университетішілік гранттық қаржыландыру конкурсына 100-ге жуық жас зерттеуші қатысты. Ашық конкурс нәтижесінде басымдыққа ие болған 17 жоба қаржыландырылып, жүзеге асты.

Биыл былтырғы жылмен салыстырғанда университетте ғылыми-зерттеу жұмыстарына бөлінген қаржы екі есеге артып отыр. Бұл жастардың ғылымға қызығушылығын, құштарлығын арттырып, ғылыми зерттеулерге кеңінен жол ашады. Бөкетов университетінің миссиясы — тек сапалы білім беру емес, сонымен қатар іргелі оқу орнын ұлттық зерттеу университетіне айналдыру. Осы жылы білім ошағы үздік деп танылған сегіз жобаға сегіз миллион теңге қаржы құйып отыр.

2024 жылға арналған «Ғылымдағы жаңа есім» университетішілік гранттар конкурсының нәтижелері бойынша келесі жобалар жеңімпаз деп танылды: «Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде құжат айналымын автоматтандыруға арналған бағдарламалық қосымшаны әзірлеу, математика және ақпараттық технологиялар факультеті, ғылыми жетекшісі - М.С. Сегізбаева; «Жылыжай кешеніндегі параметрлерді (жарықтандыру, температура және ылғалдылық) қашықтықтан бақылау», физика-техникалық факультеті, , ғылыми жетекшісі - А.Т. Қалкенова; «SportLab.Step 1.0», дене мәдениеті және спорт факультеті, ғылыми жетекшісі – К.М. Сулеева; «Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің биология-география факультетінің оқу үдерісіне iNaturalist цифрлық платформасын енгізу», биология-география факультеті, ғылыми жетекшісі -- М.Ж. Блялова; «UniGuideGO» виртуалды гид жобасы, математика және ақпараттық технологиялар факультеті, ғылыми жетекшісі - А.А. Хасенова; «IELTS-Hub-ты Karaganda Buketov University-де IELTS-express курсын оқыту әдістемесін ұйымдастыру ретінде имплементациялау» жобасы, шет тілдер факультеті, ғылыми жетекшісі -- А.М. Бакенова; «Biochai «Tabigat dami» фитошайлар өндірісін әзірлеу», биология-география факультеті, ғылыми жетекшісі -- А.Т. Серікбай; «Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби құзыреттіліктерін бағалауға арналған «Assessment Center» негізінде цифрлық кейстерді әзірлеу», педагогика факультеті, ғылыми жетекшісі -- А.О. Әукен.

Университетішілік гранттық қаржыландыру ауқымды ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, студенттердің, магистранттар мен докторанттардың, жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға ықпал етеді.