Университетіміздің Студенттер сарайының төрінде «Университет сұлтаны — Университет аруы» байқауы өтті. 12 факультеттің өнерлі, дарынды ұл-қыздары киелі сахнада түрлі сайыс түрлерінен сынға түсті. Бірінші кезең — зияткерлік сайыс қатысушыларға қиынға соқты. Білім сыналған додада жастар салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа, ғылымға, тарих пен әдебиетке, өнер мен спортқа қатысты қойылған сан алуан сұраққа жауап берді. Сөз мәйегі — мақал-мәтел айтып, тұрақты сөз тіркестерінің мән-мағынасын ашты. Көрермен қолдау танытып, сайыстың көркін қыздыра түсті. Жанкүйерлердің қолдауы ерекше сезіліп, қатысушыларға ерік-жігер сыйлады. Байқауға Басқарма мүшесі, стратегиялық даму жөніндегі проректор Ербол Сармурзин, Ғылыми кітапхана кітапханашысы Айзат Әбдірайымова төрелік етті. Екінші кезеңде «Қолөнер — нәзік жанға тән өнер», «Қыз еркем — кестесімен көркем» демекші, бірінен бірі өткен сұлу қыздарымыз қысқа уақыт ішінде түрлі ою-өрнекті кестелеп тікті. Аруларымыз сайыс шарты бойынша қолөнер бұйымдарын ұсынып, оның жасалу жолына, қысқаша тарихына тоқталды. Келесі айналымда арулар дастарқанның сәнін келтіретіндей етіп жеміс-жидектерді кесіп, сәндеп қоюдан сайысқа түсті. «Жігіттің сұлтаны» спорт кешенінде сері жігіттер өзара күш сынасты. 28 ақпанда байқаудың шығармашылық кезеңі өтеді. Арулар мен сұлтандар өлең сөзбен өздерін таныстырып, бойындағы асыл өнерін ортаға салып, ұлттық киімдердің сән көрсетілімін көрсетеді. Барлық қатысушыға сәттілік тілейміз!