Қарағанды Бөкетов университетінің археологтары Ұлытау облысының Бетпақдала шөлінде орналасқан Қарасуыр қорымының археологиялық материалдары негізінде Алтын Орданың әскерилендірілген халқының этнографиялық, мәдени және діни ерекшеліктерін зерттеумен айналысуда. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті жанындағы Сарыарқа археологиялық институтының ғылыми қызметкері, танымал археолог Эмма Усманованың айтуынша, Моңғол империясының ыдырауы және Алтын Орданың құрылуы кезеңіндегі жасырын жерлеулер Орталық Қазақстан аумағындағы жауынгерлерді жерлеудің бірден-бір дәлелі іспетті. ХІІІ ғасырдың соңы мен XIV ғасырдың басындағы бұл қорымдардан Жошы ұлысының жауынгерлеріне тиесілі заттар: екі айна, үзеңгілер, жебе ұштары, бойтұмарлар, сәуегейлікке пайдаланған қойдың жауырыны, құстың шынтақ сүйегі табылды. «Жасақ құрамында моңғолоидтық нәсілдің өкілдері, бір еуропоидтық және ең бір кереметі, егде жастағы екі әйел адам болған. Олар 20 мен 45 жас аралығындағы жас жауынгерлердің ортасында не істеп жүрді? Моңғол империясындағы әйелдердің рөлін ескере отырып, олар қандай да бір әлеуметтік-мәдени құндылыққа ие болды деген болжам жасадық», — деп атап өтті Эмма Радикқызы. Зерттеуші ғалымдар олардың біреуі бақсы болған деген пікірде. Оның қасынан сәуегейлікке пайдаланған қойдың жауырыны, құстың шынтақ сүйегі мен зұлым рухтардың әсерін көрсететін киімге тігілген айна табылды. Екіншісі — қытайлық әйел, оған қоян мен айдаһар суреті бейнеленген қытайдың айнасы дәлел бола алады. Археологтың айтуынша, бұл жасақ өзгеше, көптеген сұрақ тудырады. Моңғол империясының ыдырауы кезінде іздеуге жіберілген жасақтың барлық мүшесі эпидемиядан қайтыс болған деген болжам жасалып отыр. «Зерттеулер жалғасуда. Мүмкін, біз осы жерлеудің пайда болу тарихын егжей-тегжейлі түсінуге көмектесетін бірдеңе табамыз. Бүгінгі күні табылған ДНҚ-ның арқасында жасақтың жауынгерлік қақтығыс салдарынан емес, вирустан, болжам бойынша В гепатитінен қайтыс болғанын анықтадық», — деп ойын қорытындылады Эмма Усманова.