Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті көрнекті ғалым, профессор, еңбек сіңірген оқытушы Ниязбек Хамзаұлы Ибраевты 70 жылдық мерейтойымен құттықтады. Оның көп жылғы еңбегі мен отандық ғылым мен жоғары білімнің дамуына қосқан бағасы жетпес үлесі зор құрметке лайық. Мерейтой иесін құттықтауға достары, әріптестері, сондай-ақ басқа жоғары оқу орындарының өкілдері келді. Ниязбек Хамзаулы 1954 жылы 14 қазанда Түмен облысында дүниеге келді. Білім мен ағартушылыққа құрметпен қарайтын отбасында тәрбиеленген ол бала кезінен білім мен ғылымға құштарлық танытқан. Оның әкесі, Алаш партиясының жанашыры Хамза Ыбырайұлы ұлын биік мұраттарға талпынуға шабыттандырып, оның ғылыми жолын қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Ниязбек 1972 жылы Семипол орта мектебін бітірген соң жаңадан құрылған Қарағанды мемлекеттік университетінің физика факультетіне оқуға түседі. Ол жаңа университеттің алғашқы студенттерінің бірі болды, отбасын асырау үшін оқуы мен қосымша жұмысты қатар алып жүріп, бірден табандылық танытты. Мерейтой иесі курстас құрбыларынан көптеген жылы сөздер естіді. «Оқуға түсу үшін университетке бірге келдік, емтихан нәтижелері жариялана бастады, алаңдап отырмыз. Атымыз алфавит бойынша аталатын болды. Ақыры И әрпіне де кезек жетті. Алдымен Ибраев, кейін Исмаилов аталды. Содан бері Ниязбек Хамзаұлы екеуміз жатақханада да бірге тұрып, оқуды да қатар оқыдық. Сол кездің өзінде-ақ ол ұлы ғалымға тән қасиеттер таныта бастады», – дейді физика-математика ғылымдарының кандидаты Жарасқан Төлегенұлы Исмаилов. 1977 жылы университетті бітіргеннен кейін Ниязбек Хамзаұлы ғылымдағы жолын жалғастырды. Ол М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасына түсіп, кандидаттық диссертациясын қорғады. Түлеп ұшқан білім ордасына оралғаннан кейін ол өмірін ғылыми-оқытушылық қызметке арнады, қатардағы оқытушыдан бастап профессорға дейінгі жолды жүріп өтті. 1998 жылы докторлық диссертациясын қорғап, 2001 жылы физика ғылымдарының профессоры атағына ие болды. Ниязбек Ибраевтың ғылыми қызығушылықтары наноқұрылымды материалдардағы электронды қозу динамикасы, наноплазмоника, кванттық-химиялық модельдеу және фотоэлектрлік технологияларға арналған нанокомпозиттік материалдарды әзірлеу сияқты салаларды қамтиды. Оның еңбектері жетекші халықаралық журналдарда жарияланып, әзірлемелері патенттермен белгіленген. 600-ден астам ғылыми мақала мен 13 патент оның ғылымға қосқан елеулі үлесінің айғағы. Ғылыми және педагогикалық қызметі үшін профессор Ниязбек Хамзаұлы көптеген марапаттарға ие болды, оның ішінде «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік гранты, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен табыс етілген «Ерен еңбегі үшін» медалі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісі, сондай-ақ Clarivate Analytics және Elsevier дипломдары. Оның жетекшілігімен 7 кандидаттық және 4 докторлық диссертация қорғалды. Ниязбек Хамзаұлының шәкірттері бүгінгі күнге дейін еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында қызмет етіп, тәлімгерінің есімін асқақтатып келеді. Бүгінгі таңда атақты профессор Қарағанды университетіндегі Молекулалық нанофотоника институтын басқарады, 7 докторанттан тұратын топқа жетекшілік ете отырып, ғылыми зерттеулерге белсенді қатысуын жалғастыруда. Оның еңбекқорлығы мен ғылымға деген құштарлығы ғалымдардың жаңа буынын шабыттандырады, осылайша ол жоғары нәтижелерге қалай қол жеткізіп, өз мұраттарына адал болуға болатынын көрсетеді. Бөкетов университеті Ниязбек Хамзаұлы Ибраев өз тарихының бір бөлігі екенін мақтан тұтады. Ниязбек Хамзаұлына көп жылғы еңбегі үшін алғысымызды білдіре отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және ғылыми қызметте жаңа табыстар тілейміз. Алғыс ретінде Ниязбек Хамзаұлының докторанттары тәлімгеріне демалуға жолдама сыйлады.