ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

news

BUKETOV UNIVERSITY-НІҢ ҒАЛЫМЫ «ЖАС ҒАЛЫМ» ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША ҮЙЛІ БОЛДЫ

А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті «Конституциялық және халықаралық құқық» кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандидаты Алмаз Жексекин екі бөлмелі жаңа пәтердің иесі атанды және жақын арада қоныс тойын атап өтпек. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Отбасы банк» және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бірлесіп іске асырған «Жас ғалым» тұрғын үй бағдарламасына ЖОО-дан барлығы 7 адам несиеге келісім алды. Алмаз Жексекин докторантураны аяқтап, phD дәрежесін иеленген. Қазіргі таңда ол Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыру конкурсына ғалымдар тобымен екі ғылыми жобаны ұсынған. Жоба тақырыптары: «Этно-конфессиялық жағдайды үйлестіруге және реттеуге бағытталған елдің ішкі саясатының әлеуметтік-мәдени және құқықтық негіздері» және «Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды саралау кезінде бағалау санаттарын жүйелеу және нақтылау: теориялық-құқықтық және қолданбалы аспектілер». «Бастапқы жарна 10%, ал жылдық мөлшерлеме бойынша 5%-ға тұрғын үй сатып алу мүмкіндігін беріп отырған Ғылым және жоғары білім министрлігіне алғысымды білдіремін. Жаңа үйден екі бөлмелі пәтердің кілтін алып, қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмын. Енді отбасымның жеке пәтері бар, сондай-ақ жұбайым мен балаларымның қуанышында шек жоқ», - деді Алмаз Жексекин. Айта кетейік, бағдарламаға ғылыми зерттеулерді, ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыратын, магистр дәрежесінен төмен емес және ғылыми-зерттеу жұмыс өтілі кемінде үш жыл болуға тиіс және тұрғын үйге мұқтаж жас ғалымдар қатыса алады.