ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

АКАДЕМИК Е.А. БӨКЕТОВ АТЫНДАҒЫ ҚАРАҒАНДЫ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒАЛЫМДАРЫ АЙМАҒЫМЫЗДЫҢ ТАМЫРЛЫ ӨСІМДІКТЕР ФЛОРАСЫН ЗЕРТТЕУ ЖОБАСЫМЕН ЖҰМЫС ЖАСАУДА

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің биология-география факультетінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Флора мен фауна деректерін цифрландыру әдістері және халықаралық биологиялық әртүрлілік платформаларында орналастыру» жобасы іске асырылуда.

Бұл жаңа жоба 2023-2024 жылға арналған. Оған: Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстары қатысты. Ғалымдар тобы осы жоба аясында зерттеуді аяқтауға, толық реферат жасауға, флораның тамырлы өсімдіктері туралы тізімді тапсыруға, гербарий қорын толығымен цифрландыруға, содан кейін оны халықаралық платформаға орналастыруға ниетті, осылайша бүкіл әлемнің зерттеушілері облыс аумағында өсетін өсімдіктерді біліп-тануға мүмкіндік алады.

Далалық сапар мен гербарий қорларын талдау негізінде Қарағанды өңірінің аумағының шеңберінде тамырлы өсімдіктер флорасының толық конспектісі жасалатын болады. Биотехнология зерттеу паркінің жетекшісі, биология ғылымдарының кандидаты, профессор М.Ю. Ишмуратованың айтуынша, биыл мамыр айынан бастап, ғалымдар тобы экспедицияға аттанды, онда белгілі бір гербарий материалы жинақталып, 1250 түрлі өсімдіктің алдын ала тізімі жасалды. «Бүгінгі таңда біз облыс аумағының 50 %-ын қамтыдық. Зерттеу жұмыстары келесі жылы жалғасын табады. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Қарағанды облысында өсетін өсімдіктердің түпкілікті тізімі жасалады. Ол монография түрінде жарияланып, барлық дерек университеттің сайтында, сондай-ақ Халықаралық биологиялық әртүрлілік платформасында орналастырылады. Аталған жобаны ботаника және физиология кафедрасының биотехнология және мониторинг зерттеу паркінің 10 қызметкері жүзеге асыруда. Жобаға 1-2 курс студенттері де тартылды. Жазғы тәжірибе барысында олар Қарқаралыға барып, гербарий жинады. Зертхана базасында тәжірибеден өткен студенттер гербарий мен жапсырмаларды қалай дұрыс тігу керектігін үйренді».

Алдағы уақытта басқа өңірлердің де өсімдіктерін зерттеу жоспарланған. Ғалымдар Қазақстан флорасының есебін қайыра қарап, басып шығарады.

Флораны генотиптеу үшін өсімдіктердің бір бөлігі Астанаға жіберіледі.