Кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында Бөкетов университетінің бірінші лектік аудиториясында Қарағанды облысы бойынша полиция департаментінің бастығы С.А. Әділовтің заң факультетінің студенттерімен кездесуі өтті. Ол 2024 жыл кадрлық әлеуетті жетілдіру жылы болып жарияланғанын, осыған байланысты университет базасында заманауи полиция коворкинг- орталығы мен криминалистикалық полигонның ашылуы ішкі істер органдарында жұмыс істеу үшін болашақ мамандар даярлау мәселесінде маңызды аспект болып табылатынын атап өтті.
Ректор Н.О. Дулатбековтің айтуынша, Қарағанды облысы бойынша полиция департаменті жұмысқа орналасу мәселесінде үлкен мүмкіндіктер беретін мемлекеттік органдардың бірі болып табылады. Мәселен, өткен жылы заң факультетінің 20-дан астам түлегі полиция қызметкерлерінің қатарын толықтырды. «Біз бұған өте қуаныштымыз, өйткені біздің міндеттерімізге білім беру ғана емес, түлектерді жұмысқа орналастыру да кіреді», – деді ол.
С.А. Әділов қатысушыларға құқық қорғау қызметіндегі инновациялар, ішкі істер органдары қызметкерлерінің алдына қойған мақсаттары мен міндеттері туралы айтып, студенттерді жұмысқа шақырды.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта ҚР Ішкі істер министрлігі жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуден бастап аса ауыр қылмыстарды тергеуге дейінгі көптеген функцияларды атқаруда. Басты міндет-әрбір азаматтың өзін қауіпсіз сезінуі.
«Бұл үшін, әрине, полиция үйлесімді және кәсіби түрде жұмыс істеуі керек, заңдар қатаң түрде орындалуы керек және оларды бұзғандар жазалануы керек. Халықтың сенім деңгейін арттыру маңызды. Әрбір азамат оны адал және сауатты полиция қызметкерлері қорғайтынын білуі керек. Адамдар бізді өз мүдделерінің нағыз қорғаушылары ретінде көруі керек», - деді ол.
Сондай-ақ, ПД басшысы полициядағы жұмыс тәжірибесі - бұл студенттердің кейінгі мансабында қолдана алатын баға жетпес білім қорын алуға мүмкіндік беретін үлкен өмір мектебі екенін атап өтті. «Мен үшін жаңа Қазақстанның құрылысы жолында біздің әлемге әділдік әкелгісі келетін студенттермен кездесуіміз - үлкен мақтаныш. Елімізге өз өмірлерін Отанға қызмет етуге арнайтын жас, жан-жақты және батыл кадрлар қажет екені естеріңде болсын», – деді ол өз сөзінде.
Кездесу барысында Қарағанды облысы бойынша полиция департаментінің басшысы ректор Н.О.Дулатбековке, заң факультетінің деканы А.М. Серікбаевқа, қылмыстық құқық, процесс және криминалистика кафедрасының меңгерушісі Л.К. Құсайыноваға және кафедра профессоры Б.А.Аманжоловаға алғыс хат табыс етті. Сондай-ақ, 14 түлекке ішкі істер органдарында атаулы жұмысқа шақырулар берілді. Н.О.Дулатбеков өз кезегінде С.А. Әділовке «Біртуар Бөкетов» кітабын және университеттің имидждік өнімін табыс етті.