ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

БӨКЕТОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ ДЗЮДОДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

2024 жылдың тамыз айының 28-31 аралығында жасөспірімдер арасында дзюдо спорт түрінен Әлем чемпионаты Перудің Лима қаласында өтті. 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Бөкетов атындағы Қарағанды университеті Дене мәдениеті және спорт факультетінің 1 курс студенті Ерұланұлы Санжар дзюдодан Әлем чемпионы атанды. Ол финалда украиналық қарсыласы Лебид Дмитроны уақытынан бұрын иппон ұпайымен жеңді. Әлем рейтингінде 5-ші орында тұрған отандасымыз әлем біріншілігін екінші айналымнан бастады. Жалпы жарыс барысында төрт кездесу өткізіп, төртеуінде де қарсылас шақ келтірген жоқ. Алғашқы қарсыласы Мунгун Учрал Ууганбаярды (Моңғолия), одан кейін ширек финалда Гиорги Гелашвилиді (Грузия) жеңді. Ал жартылай финалда украиналық Аркадии Смаиловтан басым түскен болатын. Айта кетерлігі, жасөспірімдер арасында сынға түскен Санжар Ерұланұлының бұл әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдесі. 17 жасар Санжар бұған дейін 2024 жылғы маусымда Қазақстан чемпионатын және Азия кубогін ұтқан, сондай-ақ Еуропа кубогінде күміс жүлдегер атанып үлгерген.