Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенті Тимур Кидирбаев ТМД елдері арасында өткен "Үздік студент" байқауында екінші орын алды. Байқауға Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының - Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және т.б. елдердің білім алушылары қатысты. Шығармашылық конкурста Тимур қылқалам өнерінің портрет жанрында өзінің мүмкіндіктерін барынша ашып көрсете алды. Осылайша, көптеген қатысушылардың арасында ол 2 орынды жеңіп алды. Кейіпкеріміз педагогика факультетінде "Бейнелеу өнері, көркем шығармашылық, графика және дизайн" мамандығы бойынша білім алады. Тимур 5-сыныптан бастап сурет салуға қызығушылық таныта бастады. Үш жылдан соң ол осы бағытта оқып, білімін шыңдай бастады. Соңғы екі жылда Тимур көркем сурет саласындағы білімі мен машықтарын дамытып, жетілдіре түсті. "Мен Өзбекстанда өнер колледжінде бірінші курста оқып жүрген кезімде алғашқы өнер көрмемді ұйымдастырдым. Өнердегі жолыма енді аяқ басқан кезім болғандықтан көрмені "Алғашқы қадам" деп атадым. Менің шығармаларымның көпшілігі осы көрмеде ұсынылды", - дейді студент. Шығармашылықтағы және басқа да қызмет салаларындағы жетістіктер студентке "Үздік студент – 2023" республикалық байқауында бірінші орынды, ал ТМД елдері арасында "Үздік студент" байқауында екінші орынды иеленуге әсер етті. "Мен университетке өзім армандаған мамандықты алуға мүмкіндік бергені үшін ризамын", – деп түйіндеді Тимур Кидирбаев.