ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

БӨКЕТОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ АЗИЯ ЖӘНЕ АЗИЯ ПАРА ОЙЫНДАРЫНДА РЕКОРД ЖАҢАРТЫП, АЛТЫН МЕДАЛЬ ИЕЛЕНДІ

Ел мерейін асқақтатқан, Азия пара ойындарында алтын медаль иегері атанған саңлақ спортшыны білім алып жатқан қарашаңырағы қуанышпен қарсы алды. Жақында экономика және халықаралық бизнес кафедрасының «Әлемдік экономика» білім беру бағдарламасының 3 курс студенті Диас Кенжебек 100 м қашықтықты небары 1:05:42 көрсеткішімен жүзіп өтіп, Азия және Азия пара ойындарының рекордын жаңартқан болатын. Диас Кенжебек жүзуден жетістіктерге жетіп, биік белестерді бағындырып келеді. 2022 жылы Италияда өткен паражүзуден Әлем Кубогында қола жүлде иеленді. Ол арқамен жүзуде 100 м қашықтықта күміс медаль және эстафеталық жүзуде қола медаль жеңіп алды. 2022 жылы Португалияда өткен IWAS-2022 дүниежүзілік ойындарында жүзуден 1 алтын, 2 күміс, 2 қола медальға ие болды. «Алдағы күндерге жоспар көп. 2024 жылы Франция астанасы Парижде Олимпиада ойындары өтеді. Олимпиада ойындарына қатысу үшін норматив 1 минут, 4 секунд болу керек. Қытайда Ханчжоу қаласында өткен Азия пара ойындарында 1 минут 5 секундта жүзіп өттім. Бір секундтық айырмашылықты жақын арада еңсеремін деп ниет етіп отырмын. Қарағандыда Нұркен Әбдіров атындағы спорт сарайында жаттығамын. Біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты жаттықтырушы Светлана Михайловна Кучина 2012 жылдан күні бүгінге дейін жаттықтырып келеді. Менің шыңдалуыма, жетістікке жетуіме бірден-бір ықпал еткен адам. Алдағы уақытта да сол кісімен бірге биік белестерді бағындырамыз деген ойдамын. Өзімнің жаттықтырушыларыма, қолдау көрсеткен ата-анама, университеттегі оқытушыларыма, достарыма рақмет айтамын», — дейді алтын медаль иегері Диас Кенжебек. Бөкетов университетінің ұжымы мақсаткер, табанды, ерік-жігері мықты Диас Кенжебектің болашағынан зор үміт күтеді және алдағы уақытта да толағай табыс тілейді.