ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

«ӨНЕР-ҚАНАТ, БІЛІМ-САНАТ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПӘНДІК ОЛИМПИАДАСЫ

28-29 наурыз аралығында Қарағанды Бөкетов университетінде Қазақстанның жоғары оқу орындарының студенттері арасында «Мәдени-тынығу жұмысы» білім беру бағдарламасының XVI Республикалық пәндік олимпиадасы өтті. Олимпиада қатысушыларына Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының басшысы Құрман Қалымов, әнші, композитор, «Сарыжайлау» кинотеатрының басшысы Саят Әбдіғали, әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік педагогика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Кира Гаркуша, мәдениет саласының үздігі, жылдың үздік хореографы номинациясы бойынша Қарағанды облыс әкімі сыйлығының лауреаты, мәдени-тынығу жұмысы мамандығының түлегі, бүгінде университетіміздің «Жарқын» халықтық би ансамблінің жетекшісі Айман Тойболдина, Қазақстан жастар одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің арнайы пәндер оқытушысы, қазылар алқасының төрағасы Дунай Еспаев әділ бағасын беріп, білім мен өнерді таразыға салып саралады. К.Г. Гаркуша олимпиада – студенттердің білімін ғана емес, шығармашылық қабілеттін де бағалауға мүмкіндік беретін білімді жастардың ортасы екенін атап өтті. «Біз сіздердің бойларыңыздағы кәсіби дағдыларыңызды, жарқын, бастамашыл әрі жасампаз идеяларыңыз бен білімге деген ұмтылыстарыңызды көрдік. Барша олимпиада қатысушыларын жеңісімен құттықтаймын», деп жылы лебізін білдірді. «Мәдени-тынығу жұмысы» білім беру бағдарламасы бойынша өткен Республикалық пәндік олимпиаданың қорытындысы бойынша 1-орынды М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттері қанжығаға байласа, 2-орынды Абай Мырзахмет атындағы Көкшетау университетінің командасы еншіледі. 3-орындаы М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жастары иеленді. Қатысушыларды жүлделі орындарымен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз!