ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

РЕКТОР ТАЛАПКЕРЛЕРДІҢ СҰРАҚТАРЫНА ЖАУАП БЕРДІ

Талапкерлермен тікелей кездесіп, сұрақтарына жауап беру үшін академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – ректоры Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков Шымкент қаласына арнайы іссапармен барды. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті қабылдау комиссиясының жұмысына қатысып, «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға түсуге ниетті талапкерлердің, ата-аналардың сұрақтарына жауап берді.

«Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті – аймақтық университеттердің арасында алғашқылардың бірі болып зерттеу университеті мәртебесін алды. Бөкетов университеті – Қазақстанның ірі көпбейінді университеттерінің бірі болып табылады және қазіргі уақытта 12 факультетте 14 мыңға жуық студент, магистрант пен PhD докторанты білім алады. Қарағанды зерттеу университеті бакалавриаттың, магистратураның және PhD докторантураның 140-тан астам білім беру бағдарламасы бойынша оқытады. Университетте әскери кафедра, жеті жатақхана, үш демалыс орны бар. Түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 85%-ды құрайды» - деді Нұрлан Дулатбеков.

Биыл«Серпін» бағдарламасына 10 жыл. 2014 жылдан жүзеге асып келе жатқан бағдарламаның негізгі мақсаты ‐ халық тығыз орналасқан Оңтүстік аймақтың жастарын Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстан өңірлеріне оқуға жіберу.

«Серпін» бағдарламасы аясында Оңтүстік жастары Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарында орналасқан 19 жоғары оқу орнының бірінде білім ала алады. Биыл «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 903 грант бөлінген. «Серпіндіктер» 4 бағыт бойынша, атап айтқанда педагогикалық ғылымдар, инженерлік-техникалық, ақпараттық технологиялар, ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түсе алады. Бағдарламаға оңтүстік өңірдегі ауыл жастары қатысады. Айта кетсек, оқу бітірген соң грант өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылып, өтеу орны 11 аймаққа ұлғайтылды.

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті ‐ «Серпін» бағдарламасы бойынша оқитын студенттерді қабылдайтын ірі жоғары оқу орнының бірі. Бөкетов университетінде 2 мыңнан астам студент «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып жатыр, өткен жылы оңтүстіктен келген 900-ға жуық студент Бөкетов университетін таңдаған. Еске сала кетейік, 2024-2025 оқу жылында жоғары оқу орындарында оқу үшін 112 мың грант: бакалавриатқа 79 мыңға жуық грант, магистратураға 13 мыңға жуық, докторантураға түсуге 1 900-ден астам грант бөлінген.

Грант конкурсына құжаттар қабылдау 2024 жылғы 13-20 шілде аралығында, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының талапкерлері үшін 13-24 шілде аралығында жүзеге асырылады.