ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

Оқушылардың еліміздің тарихи жерлеріне танымдық саяхаттары

2024 жылдың 3-6 мамыр аралығында университетіміздің ең ауқымды жобаларының бірі «РУХАНИ КZ» танымдық жастар-ағартушылық жобасы аясында төрт керуен жолға шықты. Жоба аясында университет белсенділерінен, көшбасшыларынан, өнерпаздарынан құралған 150 студент пен оқытушы Жамбыл, Ұлытау, Павлодар облысы және Қарқаралы ауданының мәдени-тарихи жерлерімен танысады. Керуеннің басты мақсаты — ұлттық тарихи сананы қалыптастыру, көпшілікке тарихи тұлғалардың өмірін, еңбектері мен тарихи мұраларын таныстыру, жастардың отансүйгіштік, елге деген сүйіспеншілік пен құрмет сезімін ояту. Сонымен қатар бұл жоба ұлт руханиятының үш бәйтерегі — Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің 130 жылдығына, Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына, Нұркен Әбдіровтің 105 жылдығына, Аппақ Байжановтың туғанына 200 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.

Алғашқы керуен Қарағанды — Тараз бағыты бойынша білім ордамыздың жастары М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттерімен кездесіп, тыныс-тіршілігімен танысатын болады. Сонымен қатар, Қазақ хандығы монументіне, Айша бибі, Қарахан кесенесіне, «Көне Тараз» саябағына және тағы басқа тарихи көрнекті жерлерге ат басын бұрады.

Екінші Қарағанды-Ұлытау бағыты. Жер кіндігі, ұлт бірлігі ұйысқан Ұлытау облысына жолға шыққан керуен мүшелерінің бірі Бөкетов университетінің «Шаттық» әуесқой студенттер театрының дарындылары «Бір түп алма ағашы» атты қойылымын Жезқазған тұрғындарының назарына ұсынбақ. Ұлытау облысына бағыт алған керуен мүшелері көрнекті ғалым-геолог Қаныш Сәтбаев атындағы мұражайға, Алаша хан және Жошы Хан, Домбауыл кесенесін, т. б. тарихи-мәдени жерлерді аралайтын болады.

Үшінші керуен Қарағанды-Қарқаралы бағыты. Бұл керуен Бұқар жырау ауданында орналасқан ескерткішке барып, кейін Қарқаралы ауданындағы «Аналардың анасы — Қарқабат ана», сонымен қатар Алаш арыстарының ескерткішіне, Құнанбай қажы мешітіне, Қарқаралы тарихи-өлкетану мұражайы секілді киелі жерлерді аралайды. Сондай-ақ университетіміздің оқу-жаттығу базасында қоныстанады.

Төртінші Қарағанды-Баянауыл бағыты. Сапарға шыққан қара шаңырағымыздың белсенді ұл-қыздары мен оқытушылары Қарқаралы және Бұқар жырау керуенімен бірге бас қосып, әрі қарай Баянауылға жол тартады. Басты тарихи көрнекті жерлер — Мұса Шорман музейі, М. Жүсіп кесенесі, академик Қ. Сәтбаев атындағы Баянауыл мемориалдық мұражайы, бір ғасырлық тарихы бар, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы көтерген тасты және қазақ археологиясының атасы Әлкей Марғұлан тұрған үйге, сондай-ақ, Абылай ханның тағы, Қоңыр әулие, т. б. тарихи орындарға экскурсия жасайтын болады.

Басқарма мүшесі, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Мейіржан Сыздық рухани-танымдық сапармен жолға шыққандарға ізгі тілек жолдап, сәтті сапар тіледі.