Бүгін академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты басқармасы діни сауаттылықты арттыру мақсатында 1 курс студенттері үшін «Білгеннің абзал» атты профилактикалық жиын өткізді. Шараға заң, экономика, биология-география, математика және физика-техникалық факультеттерінің 1 курс студенттері қатысты. Кездесудің мақсаты – студенттердің діни сауаттылық маңыздылығы мен экстремизмнің алдын алу туралы хабардарлығын арттыру. Жиналысты облыстық дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы Нығыман Жандос Әшімұлы жүргізді. Ол діни ілімдердің мәні, сенім мәселелеріне қатысты сыни көзқарас маңыздылығы жайлы егжей-тегжейлі айтып, деструктивті діни ағымдардың қауіп-қатерлері туралы ескертті.