Бөкетов университетінің Студенттер сарайында тарих факультетінің 85 жылдығына арналған концерттік бағдарлама өтті. Іс-шараға профессорлық-оқытушылық құрам мен білім алушылар қатысты.
Салтанатты шараны алғы сөзбен ашқан тарих факультетінің деканы Жамбыл Әзмұханұлы ақжарма тілегін білдірді. Студенттер сарайының сахнасында "Kerbez" би ансамблі, "Tebiren" этно-фольклорлық ансамблі, "Біз таланттарды іздейміз" байқауының жеңімпазы, тарих факультетінің бірінші курс студенті Мирас Есенқұл және басқа да өнерпаз жастарымыз көрерменді өз өнерлерімен тәнті етті.
Айта кетейік, тарих факультеті 1938 жылы Қарағанды мұғалімдер институтының базасында құрылды. Мұнда арнайы қызмет саласына мамандар дайындап шығарады. Ұлы Отан соғысы жылдарында көптеген оқытушылар мен студенттер Отанын қорғау үшін майданға аттанды, от пен оқтың ортасынан оралмағандар да болды. Факультет сол сұм соғыс жылдарында да мамандар даярлауды жалғастырды.
Бүгінгі таңда тарих факультеті бакалавриаттың төрт мамандығы, магистратураның үш мамандығы және PhD докторантураның бір мамандығы бойынша мамандар даярлайды.
Факультет ұжымын 85 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге жеміс, қызметте жаңа жетістіктер тілейміз!