Күні кеше Бөкетов университетінде Студенттер сарайының шығармашыл ұжымының есеп беру концерті өтті. Көктемнің жайма-шуақ күнінде «Жарқын», «Сарын», «Шаттық», «Жастар» шығармашыл ұжымының, басқа да өнерпаз өрендеріміздің өнерін тамашалауға келген көрерменнің қарасы қалың болды.
Дарынды студенттердің тереңде жатқан талантын көкке көтеріп, өнерге қанатын қақтырып, бойындағы бар өнерін дамытқан Студенттер сарайының сахнасы әрқайсысы үшін киелі.
Өнерпаз жастар бүгінгі күні облыстық, республикалық, халықаралық сахналарды бағындырып, дүйім жұртты өз өнерлерімен баурап жүр.
Салтанатты шара барысында көрермен назарына «Көркем сөз» ұйымы мен «Шаттық» әуесқой студенттер театры әзірлеген сазды жыр-шумақтары ұсынылды. Кештің шымылдығы өнерлі өрендерден құралған “Сарын” фольклорлық ансамблінің “Көрғұлы” күйімен ашылып, “Жарқын” халықтық би ансамблінің мың бұралған биімен, талантты жастардың орындауындағы әуезді әндер топтамасымен жалғасын тапты.
Есеп беру концерті университетіміздегі шығармашыл ұжымдардың деңгейін таразылаған сын болды, дарындылар сол сыннан сүрінбей өтті.
Әуезді кеш соңында Студенттер сарайының директоры Бекарыс Ахметолла: “Сахнаның төрінде тұрған талаптың тұлпарына мінген талантты бозбалалар мен кербез сұлу аруларымыз университетіміздің рухани-мәдени өмірін жандандыратын жастар. Бүгінгі концерттің артында қаншама еңбек, маңдай тер жатыр. Студенттер сарайы — жас өркендердің шығармашылық әлеуетін арттыратын, рухани орта”, -- деп жалынды ұл-қыздың жыл бойы атқарған еңбегін бағалап, арнайы алғыс хатпен марапаттады.