3-6 мамыр аралығында университетіміздің ең ауқымды жобаларының бірі «Рухани KZ» танымдық жастар-ағартушылық жобасы өтті. Жоба аясында университет белсенділері, көшбасшылары мен дарынды өнерпаздары, жалпы саны 150 студент пен жетекші оқытушылар Жамбыл облысы Тараз қаласына, Ұлытау облысы Жезқазған қаласына, Павлодар облысы Баянауыл өлкесіне және Қарқаралы ауданының мәдени-тарихи, киелі жерлерін аралады.
Бүгін аталмыш жобаны қорытындылау мақсатында қатысушылар барған бағыты бойынша тарихи жерлерге кішігірім шолу жасап, алған әсерлерімен бөлісті. Математика және ақпараттық технологиялар факультетінің 3-курс студенті, Студенттік Парламент төрайымы Мерейлі Жақсылық сөз сөйледі. «2025 жылы қара шаңырағымызға есімі берілген академик Е.А. Бөкетовтің туылғанына 100 жыл толады. Осы орайда, білім ордамыздың жалынды жастары ғұлама ғалымның туған жеріне барып, тарихымен танысса» деп, Тараз бағыты бойынша сапарға шыққан жастардың атынан ұсыныс-тілегін білдірді
Басқарма Төрағасы — ректор Н. Дулатбеков: «Осы уақытқа дейін жоба аясында жалпы 500-ге жуық студент оқу жылының соңында танымдық сапарға шықты. Келешекте бұдан бөлек еліміздің басқа да мәдени-тарихи орындарына баруымыз керек. Алдағы уақытта оның бәрін жүзеге асыратын боламыз. Өйткені, бұл біздің жеріміз, біздің еліміз, тарихы тереңге бойлаған тарихымыз. Айта кететін жайт, оңтүстіктің студенттері өзіміздің орталық, солтүстік өңірге сапарға шықса, солтүстік пен орталықтың студенттері оңтүстік өңірдің тарихымен, тыныс-тіршілігімен таныссын деген мақсатта 150 студентті жіберетін кезде олардың туып-өскен жеріне де баса назар аудардық», — деп атап өтті. Іс-шара соңында жоба аясында ұйымдастырылған «Үздік бейнеролик» байқауының нәтижесі жарияланып, үздіктерді марапаттады.