27 қыркүйекте Қарағанды Бөкетов зерттеу университетінде еңбек ұтқырлығы орталығымен бірлесіп ұйымдастырылған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Төлеу Мұхтар Қайратұлы бұл шара жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісінде аталып өтетін Еңбек күні мерекесіне орай ұйымдастырылғанын айтып кетті. «Бүгін Сіздерге облысымыздың 40-тан астам кәсіпорны, 800-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтармен, сондай-ақ жастарға арналған «Алғашқы жұмыс», «Жастар тәжірибесі» және т.б. арнайы бағдарламалармен танысуға мүмкіндік бар», – деді ол. Академиялық мәселелер бойынша проректор М.М. Өмірқұлованың айтуынша, жәрмеңке – суденттер мен жұмыс берушілердің қажеттіліктері мен мүдделерін қанағаттандыратын бірегей іс-шара. «Бүгін үміттеріңізді ақтайтын жұмыс орнын тауып, болашақта кәсіби қызметіңізді жоспарлау үшін пайдалы байланыстар орнатуларыңызға тілектеспін», – деп атап өтті Мадина Максимовна. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өзара тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналды, білім беру процесі мен еңбек нарығының интеграциясына ықпал ете отырып, студенттердің болашақта жұмысқа орналасуына оң әсер етті.