Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетіне Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің 15 оқытушысы келді. Шара Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ғылыми және білім саласындағы ынтымақтастықты нығайту аясында ұйымдастырылды. Бұл сапар екі университет арасындағы бірлескен ғылыми зерттеулерді, білім беру бағдарламалары мен мәдени бастамаларды дамытуға бағытталған өзара іс-қимылдың жаңа кезеңінің бастамасы. Университет басшылығымен ресми кездесуден кейін ынтымақтастықты әрі қарай дамыту перспективалары талқыланды. Осы жылдың тамыз айында жасалған екі университет арасындағы бірлескен жұмыстың жол картасы ғылыми зерттеулерді дамытуды, халықаралық ғылыми журналдарда мақалалар шығаруды, сондай-ақ бірлескен зертханалық зерттеулер жүргізуді көздейді. Ташкент университетінің оқытушылары студенттерге сабақ беру, ғылыми зерттеулер бойынша қарағандылық әріптестерімен бірлесе жұмыс істеу арқылы оқу және ғылыми процестерге қатысады. Әрбір ташкенттік оқытушыға жақынырақ тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды іске асыруда ғылыми қызығушылықтары ұқсас Қарағанды университетінен әріптес бекітілді. Ташкент делегациясы ынтымақтастықты нығайту және тәжірибе алмасу мақсатында бір ай бойы Қарағандыда болады. Қараша айында қазақстандық ғалымдардың Ташкентке сапары жоспарлануда, оның аясында Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің оқытушылары ғылыми тағылымдамаларға қатысып, бірлескен зерттеулер жүргізуді, халықаралық ғылыми басылымдарда жарияланатын мақалаларды даярлауды жалғастырады. «Мақалаларымызды Қазақстанға алып келдік және қазақстандық әріптестер оларды пысықтауға көмектеседі деп үміттенеміз. Өз кезегінде олардың материалдарын ЖАК журналдарында жариялауға, сондай-ақ олардың мақалалары мен монографияларын шығаруға көмектесуге қуаныштымыз», – деді педагогика ғылымдарының докторы, профессор, тілдер факультетінің деканы Шахзода Абдуллаева. Ол академиялық алмасу мен осы сапардың екі тарап үшін маңызы зор екенін атап өтті. Сапар бірлескен ғылыми жұмыс пен білім беру жобаларын іске асырудағы маңызды қадам болды.