Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ғылыми-зерттеу жұмыстарына берілген ішкі гранты негізінде 2023 жылдың ақпанынан филология факультетінің профессоры Ж.Ж. Жарылғапов бастаған ғалымдар тобы «Ұлт тарихындағы Ағыбай батырдың тарихи және әдеби тұлғасы» тақырыбы бойынша біршама жұмыстар жүргізіп жатыр.
Зерттеу тобының мақсаты – ұлт тарихында ойып тұрып орын алған Алаштың ардақтысы, есімі – ұранға, ерлігі – дастанға айналған Ағыбай батырдың есімін ардақтау, ерлігін дәріптеу.
Зерттеу тақырыбы бойынша Орталық Қазақстан аймақтарында мұрағат материалдарымен жұмыс жасау қолға алынып, зерттеуші ғалымдардың міндеттері анықталды. Жұмыс барысында Гоголь атындағы Қарағанды облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Өлкетану» бөлімінің мамандарымен Ағыбай батыр туралы деректерді толықтыру, жетілдіру, жаңа мәліметтер қосу мәселелері бойынша кездесу өткізілді. Кездесуде Ағыбай батыр туралы материалдардың осы уақытқа дейінгі деңгейі сарапталды. Ағыбай батыр өмірі мен шығармашылығының библиографиясын әзірлеумен докторант Ә. Жакулаев пен филология ғылымдарының кандидаты С. Такиров айналысып келеді.
Мұрағат пен кітапханада жүргізген нәтижелі жұмыстың арқасында академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ішкі гранты негізінде «Ағыбай батыр: тарихи тұлға және көркем образ» әдеби-сын мақалалар мен тарихи зерттеулер жинағы әзірленіп, баспаға тапсырылды, бұл жинақпен жұмысты ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор С. Такиров, ф.ғ.к., профессор ассистенті А. Бабашов, ғылым магистрлері Ә. Жакулаев пен А. Қайырбековалар жүргізді. Жұмыс барысында Ағыбай батыр жайлы біраз мағлұмат жинақталып, оның тарихи тұлғасы мен көркем образы талданып, ашылды.
Зерттеу жұмысының маңызды бір бөлігі – осы жылдың маусым айында «Қарағанды университеті Хабаршысы. Филология сериясы» журналының екінші санында зерттеу тобының мүшелері А.М. Жакулаев пен А.М. Бабашовтың «І. Есенберлиннің «Қаһар» романындағы Ағыбай батыр образы» атты мақаласы жарық көруі, өйткені қандай зерттеу жұмысы болмасын, ғылыми пікір, дәйектемеге толы нәтижені қажет етеді. Осы журналға жоба жетекшісі Ж. Жарылғапов пен зерттеу тобының мүшесі С.Такировтың «Қазақ әдебиеттануында Ағыбай батыр образының зерттелуі» атты мақала ұсынылды. Мақала рецензенттердің сараптамасынан өткізіліп, «Қарағанды университетінің Хабаршысы. Филология сериясы» журналының үшінші нөміріне жариялануға қабылданды.