Қарағанды университетінің химия факультетінің мәжіліс залында жетекші қазақстандық және ресейлік жоғары оқу орындарынан Хирш индексі жоғары ғалымдардың қатысуымен биомедициналық полимерлерге арналған халықаралық мини- конференция өтті.
Іс-шараға химия ғылымдарының кандидаты, Рединг университетінің Фармация мектебінің профессоры Виталий Хуторянский, физика-математика ғылымдарының докторы, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің физика факультетінің профессоры Ольга Филиппова, химия ғылымдарының докторы, профессор, полимерлік материалдар және технологиялар институтының директоры Сарқыт Құдайбергенов, физика-математика ғылымдарының кандидаты, Саратов мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры Мария Ломова, химия ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры Ғалия Ирмұхаметова, химия ғылымдарының кандидаты, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің инженерлік бейіндегі зертхана басшысының орынбасары Гүлнұр Татыханова және т. б. ғалымдар қатысты.
Басқарма төрағасы-ректор Нұрлан Дулатбековтың айтуынша, Бөкетов университеті барлық бағыттарды үйлесімді дамитын классикалық ЖОО қағидатын ұстанады. Бұл ретте университеттің тұңғыш ректоры Е. А. Бөкетов және оның әріптестері қалыптастырған химиялық ғылыми мектептің жаратылыстану ғылымдарына ерекше көңіл бөлінеді. Ол республикадағы жетекші ЖОО –ның бірі. Бүгінгі таңда химия факультетінде 1500-ден астам студенттер, магистранттар мен докторанттар оқиды, мұнда 100-ден астам оқытушылар жұмыс істейді. Факультетте диссертациялық кеңес жұмыс істейді, халықаралық базаларға енгізілген ғылыми журнал шығарылады.
Бұл конференция зерттелетін салаға қатысушылардың түсініктерін одан әрі кеңейтуге, халықаралық ынтымақтастықты нығайта отырып, зерттеуге жаңа көкжиектер ашуға мүмкіндік береді. Іс-шара барысында бүгінгі таңдағы өзекті тақырыптар бойынша баяндамалар жасалды : «In Vitro төмен жиілікті магнит өрістерінде қатерлі ісікке магниттік-механикалық әсер етуге арналған дәрілік заттардың полимерлі минералды тасымалдаушылары», «Офтальмологияға арналған гелланның қатысуымен көз тамшыларының рецептурасын оңтайландыру», «Фармацевтикалық мақсаттағы полимерлерге негізделген интерполимерлік кешендерді дәрі-дәрмектерді жеткізу жүйелерін құруда қолдану» және басқалар.
Конференция қонақтары Долинка кентінде орналасқан саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған тарихи музейге экскурсия жасады.