Саян Саятұлы Шакеев — Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті «Бухгалтерлік есеп және аудит» кафедрасының профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент. Сертификатталған бухгалтер-практик (САР), ҚР кәсіби бухгалтері, CIPFA дипломы бар бухгалтер, Ұлыбританияның сертификатталған алқабилер бухгалтерлерінің қауымдастығы DipIFR дипломының иегері (АССА), Кәсіби қаржы менеджері, «Қазақстанның бухгалтерлері және бухгалтерлік ұйымдар одағы» БКҰ мүшесі. 81 ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектің, 5 электрондық оқу құралының авторы.
«2022 жылы «Болашақ» бағдарламасы аясындағы «500 ғалым» жобасы бойынша М. В. Ломоносов атындағы ММУ-да «Бизнес талдау және қаржы: «Сапалы зерттеу әдістері, контент-талдау (MAXQDA) және IBM SPSS Statistics көмегімен деректерді талдау» тақырыбында ғылыми тағылымдамадан өттім. Қазіргі таңда экономика факультетінің 3-4 курс студенттеріне қаржылық есеп, қаржылық есептің халықаралық стандарттары, бухгалтерлік есеп бойынша дәріс оқимын. 2005 жылдан бастап елімізде кәсіпорындар қаржылық есептеудің халықаралық стандарттары бойынша жұмыс істеп келеді. Қаржы саласында бәсекеге қабілетті болу үшін бұл стандарттарды болашақ мамандар білуге тиіс. Студенттермен қатар Қазақстан Республикасының кәсіби бухгалтері жүйесі бойынша кәсіби бухгалтерлерді дайындаймын. Халықаралық стандарттар бойынша бухгалтерлік есепті жүргізу салаларында шешілмеген мәселе көп. 2012 жылы мемлекеттік мекемелер кассалық әдістен есептеу әдісіне көшті. Осы бағытта зерттеу жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Заңдар, халықаралық стандарттар, салық кодексі өзгеріп тұратындықтан кәсіби бухгалтерлер жыл сайын біліктілікті арттыру курстарынан өтіп тұруы қажет», —- дейді Саян Саятұлы.