ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

МӘДЕНИЕТТЕР ТОҒЫСУЫ

9 қазан күні Қарағанды университетінің педагогика факультетінің холында «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығының 4 курс студенті Тимур Кидирбаевтың жұмыс көрмесінің салтанатты ашылуы өтті. Көрмеге майлы бояумен салынған тоғыз ерекше картина қойылды. Ұсынылған картиналар негізінен қазақ фольклорлық стилі айқын көрінетін портреттік жанрда салынған. Автор қазақ мәдениетінің элементтері арқылы ұлттық киім киген қыздардың бейнесін көркем суреттей алған. Тимур өз шығармаларында қазақ салт-дәстүрінің сұлулығы мен байлығын көрсетуге, сондай-ақ Өзбекстаннан Қазақстанға оқуға келген кездегі өмірі туралы естеліктерімен бөлісуге тырысты. Жұмыс істеу барысында суретші шабытқа бөлене алмай, қиналды деуге болады, дегенмен, екі ай уақытын шығармашылыққа арнап, бұл қиындықтарды еңсеріп шықты. «Бұдан да көбірек сурет салуға мүмкіндік болды, бірақ оларды Өзбекстаннан әкелу оңай болған жоқ. Мен Қазақстанды жақсы көремін, өйткені өзбек және қазақ халықтарының туыстығы тереңнен тамыр тартады», – дейді Тимур, екі халық арасындағы байланысты меңзей отырып. Бұл студенттің екінші жеке көрмесі және оның жетістіктері назардан тыс қалған емес. Тимурдың тәлімгері – өзбекстандық ұстаз Анна Павловна оны шығармашылықпен айналысуға шабыттандырып, өнер саласында жаңа биіктерді бағындырамын деген ұмтылысын қолдайды.. Сонымен қатар, тағы бір суретші – Аблаев Әлфарабидің еңбектері Тимурды терең сезімге бөлеп, оның өзіндік стиліне әсер етті. Көрме жас суретшінің талантының көрінісі ғана емес, университет студенттері мен оқытушылары үшін маңызды оқиға болды. Ол жастарды өз идеяларымен бөлісіп, халқының мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне бет бұруға шақырды. «Бүгінгі жастардың өз ойын ашық айтудан қорықпайтындығы жанды жылытады», - деді педагогика ғылымдарының магистрі Әлфараби Аблаев. Тимур өз еңбектерінде дәстүрлі кескіндеме әдістерін ғана емес, сонымен қатар оның картиналарына ерекше көлем мен жандылық беретін сәндік элементтерді де пайдаланады. Жылқы бейнеленген туынды қазақ мәдениеті мен көшпелі халықтың тарихын айқын бейнелейді. Ежелден бері жылқы қазақтар үшін киелі жануар саналғандықтан, халықтың салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігіндегі орны бөлек. Тимур өз шығармаларында бұның мағынасын шебер жеткізе отырып, көрермендерді терең ойға батырды. Көрме жас суретшінің таланты мен әлеуетін бағалаған студенттер мен оқытушылар арасында оң пікірлер мен қызығушылық тудырды. Болашақта Тимур Қарағанды университетінің магистратурасына түсіп, шығармашылық жолын елімізде жалғастыруды жоспарлап отыр.