Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті жаңадан құрылған Қазақстанның Күміс университеттер қауымдастығының ресми мүшесі болғанын мақтанышпен хабарлаймыз.
Қауымдастық 2025 жылдың басында Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің бастамасымен құрылды. Жарғыға сәйкес, Қауымдастықтың негізгі мақсаты — Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының күш-жігерін біріктіре отырып, 55 жастан асқан азаматтарға бейресми білім беру саласындағы оқу және тәжірибелік міндеттерді жүзеге асыру.
Қауымдастық қызметінің негізгі бағыттары:
⁃ егде жастағы азаматтарға білім беру қызметін көрсететін мүшелердің мүдделерін қорғау және ұсыну;
⁃ Қазақстандағы Күміс университеттер қызметін дамыту және жетілдіру;
⁃ 55+ жастағы адамдарға білім беру саласында халықаралық ынтымақтастықты кеңейту.
Қауымдастыққа қосылу Қарағанды университетіне ересектер білімін зерттеу саласында жаңа мүмкіндіктер ашады және университеттің инклюзивтілік пен үздіксіз білім беру қағидаттарын ұстанатын жоғары оқу орны ретіндегі беделін арттыруға ықпал етеді.
Біз Қауымдастық аясындағы бірлескен жұмыс егде жастағы азаматтарға арналған білім беруді дамытуға және отандық жоғары білімнің гуманистік дәстүрлерін нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенеміз.