Тұрғындардың қоныстануы жағынан тығыз болып табылатын еліміздің оңтүстігіндегі Түркістан өңірінде 951 орта мектептерінің мыңдаған түлектерінің өздерінің қалаған мамандықтары бойынша өз аймақтарындағы жоғарғы оқу орындарында грант есебінен білім алуы едәуір күрделі болып саналады. Осы мәселені шешуге ықпал ететін бірден бір мүмкіндік мемлекеттің «Серпін» әлеуметтік бағдарламасы болып табылады – 5000-нан аса жыл сайын бөлінетін қосымша грант есебінен еліміздің батыс-оңтүстік өңірлерінен орталық пен солтүстік аймақтағы жоғарғы оқу орындарында білім алудың жақсы мүмкіндігі. Қазақстанның үздік оқу орындарының бірі болып табылатын Karaganda Buketov University, «Серпін» бағдарламасының қатысушысы ретінде мектептен кейінгі түлектерге 200-ге таман оқу бағдарламасын ұсына отырып, өзінің қазіргі заманғы инфрақұрылымдары мен білім-ғылым саласындағы мықты негізімен қызмет ұсынады. Осы бағыттағы Buketov University артықшылықтары мен басымдықтарын жете түсіндіруге университеттің арнайы тобы 2022 жылдың 14-17 наурыз аралықтарында Түркістан өңірінде кәсіптік бағдардағы жұмысты жүргізді.
Осы ауқымды жұмысқа университеттің 6 оқытушысы, бір докторанты мен студентінен құрылған арнайы топ үш жұмыс күн ішінде Түркістан облысының 12 ауданының Созақ, Түркістан, Бәйдібек, Ордабасы, Сайрам, Түлкібас, Төле би, Қазығұрт, Арыс, Отырар, Сарыағаш, Мақтарал 12 аудан орталықтарында, елді мекендерінің 49 мектептерінде 2003 оқушы-түлектермен кездесу өткізді.
Аталған кездесулерде жалпы «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға түсудің ережелері мен алғышарттары, басымдықтары турасында толыққанды түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, Buketov University оқу ордасында білім алудың артықшылықтары және ерекшеліктері бойынша бейнероликтер, презентациялық материалдар көрсетіліп, Түркістан аймағында жалпы университеттің танымалдылығын арттыруға себеп болатын Karaganda Buketov University логотипімен имидждік өнімдері, университеттің әдебиеттері, басылымдық журналдары таратылып, оқушыларға тартымды болып саналатын басқа да шаралар атқарылды.
Өңірде осындай кездесулерді ұйымдастырып, өткізуге қолдау көрсеткен Түркістан облыстық білім басқармасы мен аудандық білім бөлім басшылары, мамандарының және мектептердегі жауапты мұғалімдердің еңбектері аталынып, Buketov University басқарма жетекшілері атынан Алғыс хаттар табысталынды.
Сонымен қатар, Түркістан облысы мектеп түлектерінің сапалы білім алуына жағдай жасайтын, негізін қалыптастыратын осындай ауқымды шараларды білім саласындағы өңір басшылығының демеуімен Buketov University тарапынан үздіксіз жалғастыру бойынша екі жақты келісімдіктер орнатылды.