Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің биыл сайланған Студенттік Парламент депутаттарымен кездесу өткізді. Студенттік Парламент депутаттарын ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина мен Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп, Сенат депутаттары қарсы алып, өз жұмыстарымен таныстырды. Кездесу барысында жастар Сенат ғимаратын аралап, электронды музеймен және Бірлескен отырыс өтетін үлкен залмен танысты. Сондай-ақ Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттарымен комитеттің кеңес залында пікір алмасып, сұрақтар қойды.
«Бұл жүздесу Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтің Басқарма Төрағасы — ректор Нұрлан Дулатбековпен, университет студенттерімен, оқытушыларымен кездесуіндегі Студенттік Парламент депутаттарынан түскен ұсыныс негізінде ұйымдастырылды. Ұсынысты қабыл алған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы мен ұжымына зор алғысымызды білдіреміз.
Заң шығарушы органдардың жұмысымен танысу, осы саладағы тәжірибелі мамандармен сұхбаттасу жас депутаттардың нәтижелі жұмыс істеуіне, тәжірибе жинақтауына зор ықпал етеді. Биыл Студенттік Парламенттің құрылғанына 20 жыл толды. Бүгінгі кездесу Студенттік Парламенттің жылнамасына алтын әріппен жазылып қалады», — дейді Бөкетов университеті Студенттік Парламентінің төрайымы Мерейлі Жақсылық.