Наурыз мерекесі қарсаңында Қарағанды-Сұрыптау станциясының желілік полиция бөлімінің қызметкерлері «Ұлы Дала батырлары» тақырыбында дәріс тыңдады. Іс-шара Бөкетов университетінің базасындағы полиция коворкинг орталығында өтті. Іс-шараның спикері Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы Дархан Шашенов болды. Лектор ерекше назар аударған батырлардың бірі – жоңғарларға қарсы күресте ерекше көзге түскен атақты қолбасшы, би, шешен, домбырашы Жидебай батыр болды. Ол сондай-ақ Абылай ханның серігі болған. Жидебай батыр Қазақстанның аңызға айналған тұлғасы. Оның абыройы мен беделі туралы ұлы Қазыбек би: «Сарыарқадай жер қайда, Жидебайдай ер қайда?!"- деп, кейінгі ұрпаққа қанатты сөз қалдырған. Дәрісте 18-19 ғасырлардағы ертегілер мен аңыздар, эпикалық толғаулар желісіндегі кейіпкерлер де сөз болды. Күн сайын желілік полиция бөлімінің қызметкерлері батырларға ұқсас әрекеттер жасайды. Олар теміржол төсемдерінің жанындағы тәртіпті мұқият қадағалайды, жас балалардың жолда ойнауы мен тентектік жасауына жол бермейді, кейде өз өмірлерін қатерге тігіп, оларды құтқарады. Сонымен қатар, олар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және теміржол қатынастарында заң бұзушылықтың жолын кеседі, - деп атап өтті Дархан Шашенов. Дәріс полиция қызметкерлерінің қызығушылығын тудырды. Тақырып аясында олар түрлі сұрақтар қойды. Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері атап өткендей, туған жері үшін, туған елі үшін өз өмірін қиған өткен ғасырлардағы батырлардың өмірі әрбір қазақстандық үшін үлгі болып қала бермек. –Тарихи деректердің арқасында біз эпикалық үлгідегі аңызға айналған батырлар туралы білдік және бүгінде олардың іс-әрекеттері бізді шабыттандырады, сондықтан оларды үлгі тұтамыз, солар сияқты болғымыз келеді. Мұндай іс - шаралар ата-бабаларымыздың ерлік істері туралы білуге және бұл туралы Қарағанды тұрғындарын, әсіресе еліміздегі өсіп келе жатқан жас ұрпақты құлақдар етуге мүмкіндік береді, - деп түйіндеді полиция қызметкерлері.