Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ұжымын QS Stars бағдарламасы аудитінің нәтижесі бойынша 4 жұлдыз алуымызбен құттықтаймыз!
QS Stars — әлемдегі ең беделді университет рейтингтерінің бірі болып саналатын QS WUR негізін қалаушы Quacquarelli Symonds рейтингтік жүйесі. QS Stars үшін қолданылатын әдістемеде университеттер академиялық және ғылыми жетістіктер, инновациялар, халықаралық байланыстар, университет инфрақұрылымы (кампус), түлектердің жұмысқа қабілеттілігі, инклюзия және т.б., кемінде сегіз санаттағы ондаған көрсеткіштер бойынша бағаланады. Бағалаудан кейін университеттерге бағалау нәтижесінде алынған ұпай санына байланысты 0-ден 5 жұлдызға дейін жалпы жұлдыздық балл беріледі.
ҚБУ бірінші рет QS Stars аудитінен өтіп, алғашқы реттен-ақ осындай жоғары көрсеткішке қол жеткізе алды. Бұл мақсатқа жету жолындағы университет ұжымының еңбегі зор. Университет басшылығы барлық профессорлық-оқытушылық құрамға, студенттерге, магистранттар мен докторанттарға, әкімшілік-басқару қызметкерлеріне және университеттің барлық қызметкерлеріне жасалған жұмыс, жұмсалған уақыт, күш пен ресурстар үшін үлкен алғысын білдіреді!